Астана тұрғыны «Хан Шатырдағы» су аттракционында басын жарып алды (ВИДЕО)
Ол аквапарк әкімшілігінен ішкі тергеу жүргізуді талап етіп отыр
Астаналық әйел «Хан Шатыр» ойын-сауық кешенінде орналасқан су аттракционында басынан ауыр соққы алып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы зардап шеккен әйел әлеуметтік желідегі парақшасында айтып берді. Оқиға 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні болған. Тұрғынның сөзінше, ол аттракционға кірер алдында құтқарушыдан үлкендердің сырғанауына рұқсат бар-жоғын нақтылаған. Рұқсат алған соң, құрбысының кішкентай қызымен бірге сырғанап түскен. Алайда келесі аттракционда қауіпсіздік шаралары дұрыс түсіндірілмегенін айтады.
«Екінші сырғанаққа бізді басқа қызметкер ештеңе айтпастан, үнсіз жібере салды. Мен отырған күйі сырғанап кеттім де, төмен қарай құлдилап бара жатып, басымды қатты соғып алдым. Соққының күштілігі сондай, есеңгіреп қалдым. Аттракционнан шыққанда басымнан қан судай сорғалап тұрды», – дейді ол.
Жәбірленушіні құрбылары дереу аквапарктің медициналық пунктіне, одан кейін жедел жәрдеммен травматологиялық пунктке жеткізген.
«Дәрігерлер басыма 8 тігіс салды. Басымның терісі 8 сантиметрге жыртылып кеткен, жараның тереңдігі жарты сантиметр. Компьютерлік томографияға түсіріп, мидың шайқалмағаны анықтады. Алайда басым жиі ауырады, күнде таңып, бас киіммен жүруге мәжбүрмін. Бұл оқиға менің кәсіби өміріме де кері әсерін тигізіп отыр. Мен үнемі камера алдында жұмыс істеймін, енді басымда өмір бойына тыртық қалатын болды», – деді зардап шегуші.
Қазіргі уақытта жәбірленуші тарап «Хан Шатыр» аквапаркінің әкімшілігіне ресми түрде шағым түсірген. Сонымен қатар моральдық шығынды өтеуді талап еткен.