Ақтөбедегі жарылыстан отбасы анасынан және жалғыз баспанасынан айырылды

Автор: Алмас Ерсін

Зардап шеккендер уақытша туыстарының үйін паналап отыр

almaty.tv видеосынан кадр

Ақтөбеде болған жарылыстың салдарынан тұрғын үй қирап, көпбалалы отбасы баспанасыз әрі асыраушысыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 26 мамыр күні кешке болған. Куәгерлердің айтуынша, жарылыс болған сәтте үй иесі үйге кіріп бара жатқан.

«Сіңлім табалдырықтың дәл жанында құлап қалған. Тіпті аяқ киімін шешіп үлгермепті. Телефоны мен сөмкесі де жанынан табылды. Үйінді астында қалып, көз жұмды», – дейді марқұмның әпкесі Мейрамгүл Тынымова.

Жарылыстың күші соншалық, көрші үйлер де зақымданған. Туыстары оқиғаға газдың шығуы себеп болған деп есептейді. Алайда олар жергілікті биліктен көмек сұраған кезде түрлі кедергілерге тап болғандарын айтады.

«Әкімдікке бардық, бірақ бізге ешқандай көмек берілмейтінін айтты. 100 АЕК көлеміндегі өтемақы тек өрт немесе су тасқыны кезінде ғана төленеді екен. Ал біз ондай санатқа жатпаймыз. Үйден түк қалмады ғой. Бұған дейін біздің көшеде газ қызметінің мамандары жүргенін естігенмін. Бір жерден газ шығып жатыр деген. Мүмкін, олар газды дұрыс жаппаған шығар немесе қысымды шамадан тыс көтеріп жіберген болар. Жарылыс соның салдарынан болған шығар деп ойлаймын», – дейді марқұмның ұлы Бекбол Исаев.

Қазір құқық қорғау органдары жарылыстың нақты себебін анықтап жатыр. Полиция ресми тергеуді бастап кеткен.

«Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша Ақтөбе қалалық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірқатар сараптама тағайындалды. Олардың қорытындысына сәйкес заңды шешім қабылданады», – деп түсіндірді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.