Астанада жоспарлы отаға барған полковник қайтыс болды: туыстары тексерісті талап етті
Марқұмның туыстары енгізілген препаратты тексеріп, медицина қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етті
51 жастағы запастағы полковник елордадағы жекеменшік клиникалардың бірінде жоспарлы отаға дайындық кезінде қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық»-қа сілтеме жасап.
Оқиға туралы ақпаратты оның қызы әлеуметтік желіде жариялаған. Оның айтуынша, ер адам мұрын қалқасын түзету және ұйқы кезіндегі тыныс алудың уақытша тоқтауын емдеуге арналған септопластика мен увулопластика оталарына дайындалып жатқан. Алайда операция жасау кезеңіне дейін жетпеген.
Марқұмның қызының сөзінше, отаға дайындық барысында көктамыр арқылы дәрі енгізілгеннен кейін науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Ер адамның жүрегі тоқтап қалған.
Науқас шұғыл түрде Астанадағы №2 қалалық ауруханаға жеткізілген. Ол терең кома жағдайында болған.
Жансақтау бөлімінің дәрігерлері алты күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, науқасты аман алып қалу мүмкін болмаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге ми ісінуі себеп болған.
Марқұмның туыстары оқиғаның жан-жақты әрі объективті тергелуін талап етіп отыр. Ер адамның қызы отбасы сот-медициналық сараптаманың қорытындысын, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми қорытындыларын күтіп отырғанын мәлімдеді.
Ол сондай-ақ науқасқа енгізілген препараттың тексерілуін және медицина қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға берілуін талап етті.
«Әкем қарапайым жоспарлы отаға барған еді, бірақ үйге оралмады. Біз енгізілген препараттың тексерілуін және медицина қызметкерлерінің әрекетіне қатаң құқықтық баға берілуін талап етеміз», – деп жазды ол.
Отбасы сондай-ақ оқиғаның барлық мән-жайы анықталмай тұрып, клиниканың жұмысын жалғастырып жатқанына алаңдаушылық білдірді.