Ол өздігінен төмен түсе алмай қалған
Түркістан облысында тауға шыққан тұрғын түнгі уақытта жолынан жаңылып, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. ТЖМ қызметкерлері іздестіру жұмыстарын жүргізіп, ер адамды аман-есен тауып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Үшкіртау тауында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам таулы аймаққа көтерілгеннен кейін өздігінен төмен түсе алмай қалған.
Көмек көрсету үшін оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жіберілді.
Іздестіру-құтқару жұмыстары түнгі уақытта жүргізілген.
Құтқарушылар жоғалған адамның нақты орналасқан жерін геолокация арқылы анықтап, оған дейін жеткен.
Мамандар ер адамға қажетті көмек көрсетіп, оны таудан қауіпсіз түрде төмен түсірді.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға таулы аймақтарға шыққанда қауіпсіздік талаптарын сақтауды, маршрут туралы жақындарына алдын ала хабарлауды және байланыс құралдарын толық қуаттап жүруді ескертті.