Сағындық Құрманияздың өлімі: Кассациялық сот резонансты іс бойынша соңғы шешімді шығарды

Қайғылы оқиға былтыр 8 сәуірде Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Ақжігіт ауылында болған

Сағындық Құрманияздың өлімі: Кассациялық сот резонансты іс бойынша соңғы шешімді шығарды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Маңғыстау облысында 17 жастағы Сағындық Құрманияздың өліміне қатысты резонансты іс бойынша кассациялық сот соңғы шешімді шығарды. Жәбірленуші тараптың үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберу туралы шағымы қанағаттандырусыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Астанада өткен Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот алқасы Маңғыстау аудандық сотының 2025 жылғы 14 тамыздағы үкімі мен облыстық соттың 2025 жылғы 8 қазандағы қаулысын заңды деп таныды.

Сотталған 21 жастағы Ж.Ж. төмендегі баптар бойынша кінәлі деп танылып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 10 жылға бас бостандығынан айырылды:

  • ҚР ҚК-нің 106-бабы, 3-бөлігі (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасқана ауыр зиян келтіру);
  • ҚР ҚК-нің 109-1-бабы, 2-бөлігі (Бұзақылық ниетпен кәмелетке толмағанды ұрып-соғу).

Сонымен қатар, сотталған азаматтан жәбірленуші тараптың пайдасына 20 миллион теңге моральдық зиян және мемлекет пайдасына процессуалдық шығындар өндірілді.

Қайғылы оқиға 2025 жылы 8 сәуірде Бейнеу ауданының Ақжігіт ауылында болған. Тергеу материалдарына сәйкес, сағат 23:00 шамасында ауылдың үлкен жігіттері Ж.Ж. мен М.Т. көшеде жүрген №7 мектеп оқушысына «темекі шектіңдер және шақырғанда көмекке келмедіңдер» деп ескерту жасаған.

Ж.Ж. жасөспірімдерді қатарға тұрғызып, «тәрбиелеу» мақсатында соққының астына алған. Ол бірінші тұрған оқушының кеудесінен екі рет, ал екінші тұрған 11-сынып оқушысы Сағындық Құрманиязұлының кеуде тұсынан жұдырықпен бір рет ұрған. Соққыдан кейін Сағындық есінен танып, шалқасынан құлаған.

Бозбаланың өліміне жүрек тұсындағы рефлексогендік аймақтағы жарақаты себеп болған. Соққыдан сол арада жүрегі тоқтап, жантәсілім еткен.

Қаза тапқан баланың туыстары мен олардың қорғаушысы, адвокат Б.А. Азанов сот үкімімен келіспей, кассациялық шағым түсірген . Қорғаушы тарап сот тергеуінің біржақты жүргенін, ал негізгі күдіктілердің бірі М.Т. мен басқа да тұлғалардың жауапкершіліктен қашып, істе тек «куәгер» ретінде қалып қойғанын алға тартты.

Ауыл тұрғындары мен қаза тапқан баланың отбасы Ақжігіт ауылында ересектердің жүйелі түрде ақша бопсалау және қорқытып жұмысқа жегу жүйесін орнатқанын айтады. Сол күні мектеп оқушылары үлкендердің қорасын тазалауға бармай қойған. Осы жағдай қайғылы оқиғаға түрткі болған. Жиырмадан астам отбасы прокуратураға арызданғанымен, қауіпсіздік органдары бопсалау фактілерін растамаған.

Кассациялық сот алқасы төменгі инстанция соттарының шешімін заңды деп тапты. Сот түсіндірмесіне сәйкес:

  • ҚР ҚПК-нің 340-бабы бойынша сот талқылауы тек айыпталушы ретінде сотқа тартылған тұлғаға (Ж.Ж.) тағылған айып аясында ғана жүргізіледі;
  • Басқа тұлғаларға (М.Т. және т.б.) құқықтық баға беру мәселесі бұл кассациялық істің шеңберінен тыс.

Сараптамалар мен куәгерлердің жауаптары Ж.Ж. жасаған соққының жәбірленушінің өліміне әкелгенін дәлелдеп отыр.

Сағындық Құрманиязұлы отбасының жалғыз баласы еді. Ол биыл мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап жүрген.