«Бір шарты бар»: танымал жас әнші продюсер Баян Алагөзовамен жасасқан келісімшартының құпиясын ашты

Hulan-Aru спорттық жаттығуды өткізіп алғаны үшін бір рет айыппұл төлепті 

Шоу-бизнесте Hulan-Aru есімімен танымал жас әнші Аружан Бекболат продюсер Баян Алагөзовамен жасасқан еңбек шартының ерекше тұстарын бөлісті. Өнерпаз бұл туралы «Kezdesu» жобасына берген эксклюзивті сұхбатында айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аружанға тұрмысқа шығуға, біреумен көңіл жарастыруға ешқандай шектеу қойылмаған, десе де, әнші келісімшарттағы «соңғы шешімді продюсерлер қабылдайды» деген тармақтың ойландырып тастағанын жасырмады.

«Мен жанжалдан алыс, айналаммен тек сыйласып жүргім келеді. Сол себепті қол қоймас бұрын іштей дайындалдым. Тұрмысқа шығу мәселесін Баян Мақсатқызымен ашық талқыладық. Ол қыздардың бағын байламайтынын айтты. Тек отбасын құратын болсам, үш ай бұрын ескертуімді сұрады. Бірақ бір шарты бар: тұрмысқа шығып, тіпті ана атансам да, шығармашылық жұмысты тоқтатпай, жалғастыруым қажет», - деді жас әнші.

Сонымен қатар, келісімшартта жұмыс тәртібін реттейтін арнайы қаржылық санкциялар да қарастырылған. Егер өнерпаз жаттығу залына барудан бас тартса, түсірілімдер мен шараларға кешігіп келсе, жаңа репертуарды уақытында жаттамаса немесе концерт ұйымдастырушылары тарапынан шағым түсетін болса, оған 50 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.

Hulan-Aru бүгінге дейін спорттық жаттығуды өткізіп алғаны үшін бір рет осындай жазаға тартылғанын айтты. Оның айтуынша, мұндай қатаң ережелер өнер иелерін жинақы ұстауға және кәсібилікті арттыруға септігін тигізеді.