«Істер жарты беттік қаулымен жабыла салатын»: депутат сот жүйесіндегі үлкен кедергінің жойылғанын айтты

Автор: Темірхан Айжан

Ол қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтарға ауыр тиетін еді 

Фото: mazhilis

Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан сот жүйесін реформалау аясында Жоғарғы сотқа түскен шағымдарды жалғыз судьяның шешімімен істі сұратпастан жауып тастау тәжірибесі толықтай жойылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұған дейін Жоғарғы сотқа шағымданатын азаматтар тарапынан наразылық өте көп болды. Себебі, жергілікті жердегі бірінші саты мен апелляциялық сатыдан кейін іс кассацияға жеткенде, оны Жоғарғы соттың бір ғана судьясы қарайтын. Ол судья істің мән-жайына терең бойламай, архивтен құжаттарды алдыртпастан, «кассациялық сатыға беруге негіз жоқ» деген сыңаржақ шешіммен, жарты беттік қана қаулы шығарып, істі жауып тастайтын. Соның салдарынан қаншама іс мәні бойынша қаралмай, әділдік таппай қала берді. Бұл жағдай, әсіресе, басына іс түскен, қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтарға ауыр тиді және қоғамда үлкен наразылық тудырды», – деді ол.

Депутат бұл мәселенің 2023 жылдан бастап жүйелі түрде көтерілгенін атап өтті.  

«Біз 2023 жылы Мәжіліс депутаты болып келген сәттен бастап осы мәселені көтеріп, кедергіні жойдық. Бұл Конституциялық заң деңгейінде жүзеге асқандықтан, маңызы өте жоғары реформа. Жалпы, конституциялық заңдардың мәртебесі жоғары болғандықтан, оған жиі өзгеріс енгізе беруге болмайды. Сондықтан мұны халықтың мүддесін қорғаудағы үлкен жетістік деп есептеймін», – деді депутат.