Прокурор марқұм Асанәлі Әшімовтің арқасында Ақтөбе әкімі аппаратының экс-басшысын үш жылға соттатып жіберді

Автор: Бақыт Шынар

Нұрсұлтан Исембайұлы бірінші сатыдағы сотқа «қырық өтірік» құрастырып, ақталып кеткені анықталды

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ақтөбе облысының прокуратурасы кеше, 3 маусым күні шенеунік Нұрсұлтан Исембайұлының үш жылға сотталғанын мәлімдеді. Прокуратура Azattyq Rýhy редакциясына шенеуніктің сотталғанын растап, оның бұған дейін қалай ақталып кеткенін айтып берді.

Наурызда ақталған шенеунік маусымда үш жылға сотталды

Ақтөбе облысының прокуратурасы таратқан мәліметке сүйенсек, негізінде, Нұрсұлтан Исембайұлы бұған дейін ақталып шыққан екен. Бірақ, принциптен таймаған прокурорлар істі тергеуге қайтарып, оның кінәсін дәлелдеген көрінеді.

«Нұрсұлтан Исембайұлы мемлекет меншігіндегі жер учаскесін тегін алып беруге көмектесемін деп, бір адамнан пара алған. Бірақ, ол кінәсін мойындамай, 2025 жылдың 31 наурызында Ақтөбе қаласының №2 соты оны ақтап шығарған. Дегенмен, прокуратура органдары ақтау үкімін кассациялық тәртіппен қайта қарауға қол жеткізді», - деп хабарлайды прокуратура.

Атышулы іске Асанәлі Әшімовтің қандай қатысы бар

«Время» басылымының мәліметінше, Нұрсұлтан Исембайұлы бұл параны төрт жыл бұрын, 2022 жылы – Ақтөбе әкімі Асхат Шахаровтың аппаратын басқарған кезде алған.

«Тергеудің мәліметінше, жер алғысы келген бір әйел делдал арқылы Нұрсұлтан Исембайұлына шыққан. Исембайұлы жер алуға көмектесу үшін 3 млн теңге сұратқан. Осылайша, 2022 жылдың 27 қыркүйегі күні түскі сағат 13:00-де Исембайұлы әкімдіктегі өз кабинетінде ақшаны қалтасына басқан. Бірақ, әйелге жер де алып бермеген, ақшасын да қайтармаған», - деп жазады басылым.

Алданғанын түсінген әйел тиісті органдарға шағымданса керек, Нұрсұлтан Исембайұлының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Алайда, шенеунік соттың алдында Тазша бала сияқты, қырық өтірігін құрастырып, жазадан құтылып кеткен екен.

«Нұрсұлтан Исембайұлы пара алғанын мүлде мойындамай, әйел адам пара берген күні Асанәлі Әшімовтің жанында жүргенін айтқан. Яғни, 27 қыркүйек күні таңертең қан тапсырған, сосын, әкімдікке келген. Сағат 12.00 шамасында аты аңызға айналған Халық әртісі Асанәлі Әшімовті күтіп алу үшін әуежайға аттанған. Халық әртісін Air Astana-ның рейсінен күтіп алған-мыс. Әуежайдан шыққан соң Әшімовті қонақүйге жайғастырып, түскі асқа кеткен. Әріптесімен бірге дүкен аралап,  әріптесімен бірге Әшімов пен әйеліне сыйлық таңдаған, сағат 16.00 кезінде әртістің өнерін тамашалау үшін драма театрға келген. Драма театрдан тек кешке шыққан», - деп жазады басылым.

Ең қызығы, сотта оның жүргізушісі мен әріптесі шенеуніктің сөзін растап, оған алиби болған. Сот олардың сөзін ескертіп, бұлтартпас дәлелі бар деп есептеп, Исембайұлы пара алмаған деген үкіме шығарады.

Бұл үкіммен келіспеген прокуратура кассациялық сатыда шенеуніктің өтірігін әшкере еткен.

«Анықталғандай, 2022 жылдың 27 қыркүйегі күні Асанәлі Әшімов Ақтөбеге ұшып келмеген. Дәл сол күні Ақтөбеге қонған Air Astana рейсінде Әшімовтің аты-жөні болмаған. Ол Орал жұртымен кездескеннен кейін Ақтөбеге жеңіл көлікпен келген. өйткені, сол кезде Орал мен Ақтөбе арасына ұшақ ұшпайтын еді», - деп жазады басылым.

Сондай-ақ прокуратура мен тергеу ұялы телефон станцияларының базасынан Исембайұлының телефонына қатысты ақпарат алған. Оның ұялы телефоны күні бойы әкімдіктің ғимаратынан сигнал таратқан. Ал, сотта Исембайұлы сол күні ұялы телефоны өзімен бірге болғанын айтып, өтірігінен жаңылып кеткен.

Осылайша, Нұрсұлтан Исембайұлының қылмысы әшкере болып, сот оны үш жыл бас бостандығынан айырған. Ол өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Қарауыл оны сот залынан түрмеге аттандырған.