Атыраудағы саябақта әткеншектер мен «Қорқыныш бөлмесі» аттракционы өртенді
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде екі нысанды да жалын толық шарпыған
Атырауда Авангард шағынауданындағы ойын-сауық саябағы аумағында орналасқан карусель мен «Қорқыныш бөлмесі» аттракционы өртеніп кетті. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Өрт Тілендиев көшесіндегі ойын-сауық саябағында болған. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбаларды куәгерлер әлеуметтік желілер мен қалалық чаттарда жариялады. Кадрлардан саябақ үстіне қою түтін көтеріліп жатқанын және құтқарушылардың өртті сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын көруге болады.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт «Қорқыныш бөлмесі» аттракционынан шығуы мүмкін. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.
ТЖМ мәліметінше, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері жеткен кезде жалын екі нысанды да толық шарпыған. Өрттің тез таралуына жанғыш материалдардың көп болуы себеп болған.
Құтқарушылар оттың көрші ғимараттарға таралуына жол бермей, өртті толық сөндірді. ТЖМ дерегіне сәйкес, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Ведомство төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет екенін еске салды.