Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы қамауға алынды
Тергеу мәліметінше, білім бөлімі қызметкерлері мектептерге бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген
Бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталған Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында 2026 жылғы 2 маусымда Қостанай қаласының тергеу соты күдікті Оразбаева Г.-ға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді», – деп мәлімдеді Қостанай прокуратурасының баспасөз қызметі.
Бұған дейін Оразбаеваның ұсталғаны белгілі болған еді. Облыстық прокуратураның мәліметінше, Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаментінің өндірісінде қалалық білім бөлімі лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс бар.
Тергеу нұсқасына сәйкес, олар өзге адамдармен бірге әрекет етіп, мектептерге бөлінген бюджет қаражатын жымқырған.
Қостанай қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі – «Алаяқтық» бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталған.
Тергеу аясында лауазымды тұлғалардың жұмыс орнында және тұрғылықты жерінде тінту жүргізілді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.