Шымкентте сарышаян шаққан бала жансақтау бөліміне түсті

Автор: Алмас Ерсін

Жасөспірімді ауруханаға шұғыл жеткізуге полиция қызметкерлері көмектесті

Фото: Azattyq Rýhy

Шымкенттің 14 жастағы тұрғынын сарышаян шаққаннан кейін оның жағдайы күрт нашарлаған. Қол-аяғы жансызданып, тыныс алуы қиындаған соң ата-анасы уақыт жоғалтпай, баланы өз көлігімен ауруханаға жеткізуге шешім қабылдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Жасөспірімді медициналық мекемеге жедел жеткізуге полиция қызметкерлері көмектесіп, зардап шеккен бала отырған көлікті алып жүрген. Қазір оның өміріне қауіп жоқ, жағдайы жақсы деп бағаланып отыр.

«Науқас 29 мамыр күні орташа ауыр жағдайда ауруханаға түсті және бірден токсикология бөліміне жатқызылды. Келесі күні жағдайы айтарлықтай жақсарған соң үйіне шығарылды. Маусым басталғалы бері сарышаян шаққан 37 адам стационарлық ем қабылдады. Тағы 102 адам амбулаторлық емнен өтті», – деді Орынбаев атындағы қалалық гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мәдина Ермаханбетова.

Дәрігерлердің айтуынша, сарышаян шаққанда қатты ауырсыну пайда болады. Мұндай жағдайда ең алдымен сабыр сақтап, зардап шеккен адамды қауіпсіз жерге шығару керек. Жараны таза сумен жуып, суық басқан жөн.

Сондай-ақ удың ағзаға таралуын баяулату үшін зақымданған аяқ-қолды қимылдатпай бекітіп қою қажет.

Мамандардың сөзінше, балалар, қарттар және созылмалы ауруы бар адамдар үшін сарышаян шаққаны аса қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан міндетті түрде дәрігер көмегіне жүгіну қажет.

«Бас айналу, құсу, қатты бас ауруы секілді белгілер болуы мүмкін. Дәрігер қарағанға дейін үй жағдайында ауырсынуды басатын дәрі ішуге болады», – деді Мәдина Ермаханбетова.

Мамандар қалың шөп өсетін жерлерде абай болуға және жабық аяқ киім киюге кеңес береді. Сыртта қалған аяқ киім мен киімді үйге кіргізер алдында мұқият тексеру қажет.

Сонымен қатар аула аумағын қоқыстан тазартып, қабырғалардағы жарықтарды уақытылы бітеп отыру қауіпті жәндіктердің пайда болу қаупін азайтады.