Шымкентте жүк көлігі қағып кеткен бала оқиға орнында қаза тапты
Апатқа күдікті ер адам әкімдікке қарасты коммуналдық мекемеде жұмыс істейтіні белгілі болды
Шымкентте көп тонналы жүк көлігі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 11 жастағы баланы қағып, ол оқиға орнында көз жұмды. Әкімдікке қарасты коммуналдық қызметке тиесілі ауыр техника баланы басып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Шымкенттің шетіндегі Қайнарбұлақ тұрғын алабында болған. Нұрасыл алты балалы отбасының екінші перзенті екені айтылады. Ол кіші қарындасымен бірге дүкенге балмұздақ алуға шыққан. Балалар жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан сәтте олардың үстіне жүк көлігі шыққан. Нұрасыл ауыр жарақат алып, оқиға орнында қайтыс болды.
«Ол жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатты ғой! Кінәлі адам тиісті жазасын алсын. Бала жолды рұқсат етілген жерден кесіп өтті. Бұдан артық не айтуға болады? Жүргізуші жолға қарамай ма?» – деді баланың әкесі.
Куәгерлердің айтуынша, болжам бойынша кінәлі жүргізуші оқиғадан кейін шок күйінде болған. Оның Абай ауданы әкімдігіне қарасты коммуналдық кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейтіні белгілі болды. Ер адам бірден ұсталып, жүк көлігі айып тұрағына қойылған.
Бұл – соңғы бір аптадағы осындай екінші жағдай. Бұған дейін Астанада бетон араластырғыш көліктің астына түскен мектеп оқушысы қаза тапқан еді. Жүргізуші велосипед мінген баланы байқамай қалған.
«Шымкент қаласының Қайнарбұлақ шағынауданында жүк көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 11 жастағы бала оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
5-сынып оқушысы Нұрасылды 2 маусым күні жерледі.