«Сені бүкіл елге масқара қыламын»: Қарағандыда балаларға мереке ұйымдастырған жасөспірімді бірнеше әйел қорқытқан

Автор: Темірхан Айжан

Әйелдер мерекенің шырқын бұзған 

Фото: скрин

Қарағандыда 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара кезінде кәмелетке толмаған қызметкерге үш әйел тап берген. 17 жастағы Малика есімді қыз болған жағдайды баяндап, әлеуметтік желіге жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Автордың айтуынша, 1 маусым күні ол бүлдіршіндерге арналған тегін бағдарламаны жүргізген.

«Бала өте көп болды. Бағдарламаның басында ортаға шыққан бүлдіршіндермен танысып, есімдері мен жастарын микрофонмен сұрап шықтық, содан кейін ойынды бастадық. Кешігіп келгендер болды», - дейді ол.

Кешіккен ата-аналар аниматордан микрофонды қайта алып, олардың баласын барлық жұрттың алдында бөлек таныстыруды талап еткен. Алайда бұл уақытта балалар ойынға кірісіп кеткен еді.

«Мен жүргізушінің сөзін бөле алмайтынымды, бағдарламаның басталып кеткенін байыппен түсіндірдім. Баланың есімін өзім жеке барып сұрадым. Бірақ әйел міндетті түрде микрофонмен айтуымды талап етіп, маған шүйлігіп, дауыс көтере бастады», - деп жазады жасөспірім.

Көп ұзамай техникалық себептерге байланысты музыка уақытша өшіп, бойжеткен ондаған баламен алаңда жалғыз қалған. Дәл осы сәтте әлгі әйелдер аниматорға қайтадан тиісіп, ойын ережесін баласына бөлек түсіндіруді бұйырған.

«Мен ойын шартын барлық балаға бірдей дауыстап айттым. Ойын қызып тұрғанда процесті тоқтата алмайтынымды жеткіздім, сәл қолым босағанда міндетті түрде барып көмектесетінімді де айттым. Бірақ олар сөзге түсінбей балағаттап, «балаға көңіл бөлмейсің» деп жала жапты. Мен барлық баламен тең дәрежеде жұмыс істеп, ешкімді шеттетпедім. Мұндай іс-шараларда жалғыз бір балаға ғана қарап отыру мүмкін емес, өйткені айналада мерекеге келген ондаған өзге бүлдіршіндер тұрды. Ең сұмдығы осыдан кейін басталды»,- дейді кейіпкер.

Әйелдер шара кезінде бойжеткеннің соңынан қалмай еріп жүріп, ұрысуды тоқтатпаған. Соңында олар аниматорды видеоға түсіріп, әлеуметтік желідеге салатынын айтып, қоқыта бастаған.

«Сен менің кім екенімді білмейсің», «Менің 5000 оқырманым бар», «Сені бүкіл елге масқара қыламын» деген сияқты сөздер айтты. Ересек адамдардың өздерінің баласындай балаға бұлай істегені қаншалықты дұрыс?», - дейді автор.

Қыздың жазбасынан кейін де әлеуметтік желіде әйелдер бойжеткенге хаты жазып, тағы да қоқан-лоқы көрсетіп, сескендірмек болған.

Желі қолданушылары жас қызға көрсетілген агрессияға қатысты шара қолдануды талап етіп жатыр.

Оқиғаға қатысты Azattyq Rýhy редакциясы полицияға сұрау салды.