Көлік өртенер алдында газ-ауа қоспасы жарылып, салдарынан маңда тұрған бірнеше автокөлік бүлінген
Астананың Сарайшық ауданында көшенің қақ ортасында жеңіл автокөлік өртеніп, маңында тұрған бірнеше көлікке зақым келді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Аманжолов көшесіндегі оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері мен Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері жедел жеткен. Өрт құтқару қызметтерінің күшімен толық сөндірілді.
Куәгерлердің айтуынша, өрт сөндірушілер келмей тұрып көлікте газ-ауа қоспасының жарылысы болған. Осыдан кейін көлік отқа оранған. Жақын маңда тұрған бірнеше автокөлік те зақымданған.
Оқиға салдарынан зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп, кейін олар қаладағы медициналық мекемелерге жеткізілген.
Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.
Төтенше жағдайлар департаменті көлік иелеріне автокөліктерді уақытылы техникалық тексеруден өткізіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды ескертті.