Қазақстандықтар көп қолданатын Temu маркетплейсі балаларға қауіпті ойыншықтар сатқан

Автор: Темірхан Айжан

Енді компания миллиондаған еуро айыппұл төлейді 

Фото: iStockphoto

Қытайлық Temu маркетплейсі балаларға қауіпті ойыншықтар мен ақауы бар қуаттағыш құрылғылар сатқаны үшін 200 миллион еуро айыппұл арқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy,

ВВС атап өткендей, Еуропа Одағының өкілдері алып интернет дүкенді тауарлардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеді деп кінәлады.

«Компания өз платформасында заңсыз тауарлардың сатылуына назар аудармай, одан Еуропа елдерінің тұтынушыларына келетін зиянды анықтамаған, талдамаған», - делінген ЕО мәлімдемесінде.

Temu компаниясы ЕО шешімімен келіспейтінін жеткізді. Қытайлық маркетпелейс өкілдері «негізсіз, тым көп» деп отыр.

«Біз Еуропалық комиссияның шешімімен келіспейміз және салынған айыппұл көлемін шамадан тыс көп деп есептейміз. Қазіргі уақытта қабылданған шешімді мұқият зерттеп, алдағы іс-қимылдардың барлық ықтимал нұсқаларын қарастырып жатырмыз», - делінген компания мәлімдемесінде.

Еуроодақ Temu маркетплейсіне қатысты тексеруді 2024 жылдың қазан айында бастаған болатын. Былтыр шілдеде жүргізілген алдын ала тергеу қорытындысы бойынша, платформаның қауіпсіздік талаптарын бұзғаны анықталды. Тергеу барысында тәуелсіз сарапшылар Temu-ден қуаттағыш құрылғылар алып, оларды сынақтан өткізген. Алайда құрылғылар қауіпті болып шыққан. Сонымен қатар балалар ойыншықтарының басым бөлігі қауіпті деп танылды. Олардың құрамындағы химиялық заттардың мөлшері рұқсат етілген нормадан асып кеткен әрі бала өміріне қауіп төндіретін ұсақ бөлшектер табылған.  

Temu компаниясы 28 тамызға дейін анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша іс-қимыл жоспарын ұсынуға міндеттелді. Осыдан кейін оған Еурокомиссия компанияның талаптарды қаншалықты орындағанын бағалау үшін екі ай уақыт беріледі.