Астанада бетон араластырғыш көліктің астына түскен оқушы көз жұмды

Автор: Алмас Ерсін

Қайғылы жол апаты 26 мамыр күні Тәуелсіздік даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында болды

Фото: istockphoto.com

Астанада жүк көлігінің астына түскен кәмелетке толмаған велосипедші қаза тапты. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, жол апатынан елордалық мектептердің бірінде 5-сыныпта оқитын бала көз жұмған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 26 мамыр күні Тәуелсіздік даңғылы мен Пушкин көшесіне бұрылатын тұста болған.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Mercedes жүк көлігінің жүргізушісі велосипедпен жолды кесіп өтпек болған баланы қағып кеткен. Алған жарақатынан оқушы оқиға орнында көз жұмды.

«Жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды. Қазір қылмыстық іс аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жылдамдықты асырмауға және мектеп маңында, тұрғын аймақтарда, аулалар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінде ерекше мұқият болуға шақырды.

Ведомство өкілдері рөлдегі бір сәттік салғырттық қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескертті.