Оны полиция қызметкерлері аман-есен тауып, анасына қайтарды
Абай облысындағы шалғай ауылдардың бірінде жеті жасар ерекше бала үйінен шығып, ауыл сыртына адасып кеткен. Анасына жарты сағат бойы іздеп, таба алмаған соң полицияға жүгінуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Таңғы сағат 10:09-да «102» арнасына аутизм диагнозы бар баланың жоғалғаны туралы хабарлама түсті. Әйелдің айтуынша, ұлы таңғы 9:30 шамасында үйден шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған. Өзі іздеп таппаған», - деп хабарлайды Абай облысының полициясы.
Полиция ақпаратты ала сала, баланы іздеуге кіріскен. Сағат 11:40 кезінде ювеналды полиция қызметкерлері, атап айтқанда, полиция капитаны Нұрғиса Бектасов пен полиция лейтенанты Темірлан Төлеуғазин баланы ипподром маңынан, үйінен шамамен екі шақырым жерде тауып алған.
«Ерекше бала болған соң, оны шошытып алғымыз келмей, жай ғана қолымды ұсынып, шақырдым. Бала бірден мойныма артыла кетті. Ал, көлікке мінген соң әріптесім оған мультфильм қосып беріп, біз анасына қарай бет алдық», - дейді полиция капитаны Нұрғиса Бектасов.
Ал, баласын көрген кезде анасы көз жасына ерік беріп, бүгінгі таң өміріндегі ең ауыр сағаттар болғанын айтқан.