Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін арнайы қызметтер қонжықты іздеуге кірісті
Жетісу облысында ауыл ішіне кіріп кеткен қонжықты іздеу жұмыстары екінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін арнайы қызмет өкілдері Сарыөзек ауылына жұмылдырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бейнежазбаны жергілікті тұрғындардың бірі жариялаған. Видеода ауыл көшесімен жүгіріп бара жатқан жас аю көрінеді. Артынша оны көлікпен қуған ер адам байқалады. Алайда қонжық тар көшелердің біріне бұрылып кетіп, із суытқан.
Оқиғаның рас екенін аудан әкімдігі де растады. Билік өкілдері тұрғындарды дүрлікпеуге шақырып, жануарды байқаған жағдайда мамандарға хабар беруді сұраған. Қараңғы түскенге дейін жалғасқан іздеу әзірге нәтиже бермеген.
Осыдан кейін әлеуметтік желілерде «аю өлтірілді» деген сипаттағы суреттер тарай бастаған. Бірақ Кербұлақ ауданы әкімдігі бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. Әкімдік таратқан мәліметке сәйкес, сурет жасанды интеллект көмегімен жасалған.
«Әлеуметтік желіде тараған өлтірілген аюдың фотосы шындыққа жанаспайды. Бұл сурет жасанды интеллект арқылы жасалған. Қазіргі уақытта қонжықты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр», – деп мәлімдеді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазір іздеу жұмыстарына табиғатты қорғау полициясы, төтенше жағдайлар қызметі, орман шаруашылығының мамандары, ветеринарлық қызмет пен жергілікті әкімдік қызметкерлері қатысып жатыр.
Мәди Шәкеновнің айтуынша, қонжықты іздеу тағы бірнеше күнге созылуы мүмкін.
«Егер жануар табылмаса, оның табиғи мекеніне қайта оралған болуы ықтимал. Тұрғындардан түрлі қауесетке сенбей, тек ресми ақпаратқа сүйенуді сұраймыз. Іздеу нәтижесі туралы қосымша хабарланады», – деді ол.