Жетісу ауданында жоғалып кеткен жас жігітті іздеу жұмыстары қаралы хабармен аяқталды
Алматыда із-түзсіз жоғалған 25 жастағы Ерзат Шалқарұлы Егізбайдың мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы еріктілер мәлімдеді.
«Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Бұл ауыр қасіретті еңсеруге күш пен сабыр тілейміз. Іздеу жұмыстары аяқталды… Өкінішке қарай, қаралы хабармен», – делінген хабарламада.
Бұған дейін жас жігіттің жоғалғаны туралы арызды 19 мамыр күні оның ағасы Азамат Егізбай бергені айтылған болатын. Оның мәлімдеуінше, Ерзат шамамен сағат 14:30-да Райымбек даңғылы бойындағы 147Б мекенжайы маңындағы құрылыс нысанынан шығып кеткен. Содан кейін байланысқа шықпаған.
Жоғалған жігіттің телефоны соңғы рет Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында, Есік саяжайлары мен «Көксай» саяжай серіктестігі аумағында тіркелген.
Туыстарының айтуынша, Ерзат бұған дейін ешқашан үйден ескертусіз кетіп көрмеген. Ағасының сөзінше, ол арнайы есепте тұрмаған, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған және бес уақыт намазын қаза қылмай оқып жүрген.