Алматы тауларында жоғалған турист екі күннен кейін аман-есен оралды
Құтқарушылармен байланысқа шықпаған ер адамды таулы аймақтан іздеп тапқан
Турист 20 мамыр күні Шымбұлақ жағынан тауға шығып, екі күннен кейін оралуы тиіс болған. Алайда белгіленген уақытта байланысқа шықпаған, телефоны да қолжетімсіз болған соң жақындары алаңдап, құтқарушыларға хабар берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, іздеуге «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы мен Алматы қалалық ТЖД Құтқару қызметінің мамандары жедел аттанған. Олар 3200 метр биіктікке көтеріліп, Шымбұлақ шыңы бағытына қарай жаяу іздестіру жұмыстарын жүргізген.
«Жоғалған ер адам маршрутты тексеру барысында табылды. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ. Құтқарушылар туристі биік таудағы “Медеу” мұз айдынына дейін қауіпсіз түсіріп, жақындарына тапсырды», – делінген хабарламада.
Құтқарушылар тауға шығар алдында жақындарыңызға нақты маршрутыңыз бен сапар уақыты туралы міндетті түрде ескертіп кету қажет екенін еске салды.