Қайғылы жол апаты 21 мамыр кешінде болды, көліктегі жолаушы жарақат алған
Атырау – Индер тасжолында 21 мамыр күні кешке адам өліміне әкелген жол апаты болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.
Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, шамамен сағат 22:55-те автожолдың 57-шақырымында 1970 жылы туған ер адам басқарған Lada Granta көлігі жолға кенеттен шығып кеткен жылқымен соқтығысқан.
Қатты соққы салдарынан жүргізуші оқиға орнында алған жарақатынан көз жұмды. Ал 1972 жылы туған жолаушы түрлі жарақатпен Махамбет аудандық ауруханасына жеткізілді.
«Қараусыз жайылған мал иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту және алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанына қарамастан, мұндай жағдайлар әлі де тіркеліп отыр», – деп мәлімдеді құқық қорғау органдары.
Аталған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сондай-ақ полицейлер жол маңында мал жаюға жол берген үй жануарының иесіне де құқықтық баға берілетінін хабарлады.
Өңірлік полиция департаментінің дерегінше, биыл Атырау облысында үй жануарларының қатысуымен үш жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Құқық қорғау органдары мұндай апаттардың негізгі себептерінің бірі – республикалық маңызы бар тасжолдарға малдың кенеттен шығып кетуі екенін айтады. Мұндай жағдайлар күндіз де, түнде де болып, көбіне ауыр салдарға әкеледі.
Осындай жол апаттарында жануарлар қырылып, жүргізушілер мен жолаушылар түрлі деңгейде жарақат алады. Сонымен қатар көліктерге де едәуір материалдық шығын келеді.
Жыл басынан бері өңірде осындай апаттардан екі адам қаза тауып, тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскен.