Куәгерлер 112-ге хабарласып, құтқарушылар бес жастағы баланы терезеден аман алып түсті
Алматыда өрт сөндірушілер алтыншы қабаттан құлап кете жаздаған баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қайғылы жағдай Алатау ауданындағы Мәдениет шағынауданында бола жаздаған. Көпқабатты үйдің алтыншы қабатындағы ашық терезенің алдына кішкентай бала шығып кеткен. Оның өміріне алаңдаған өтіп бара жатқан тұрғындар 112 нөміріне хабарласқан.
«Оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары жедел жетті. Арнайы автосатының көмегімен олар терезеге көтеріліп, шамамен бес жастағы баланы құлатып алмай, абайлап алып түсті», – деп мәлімдеді ведомство.
Оқиға кезінде пәтердің есігі ішінен құлыптаулы болған, ал ата-анасы үйде болмаған. Құтқарылғаннан кейін бала полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
ТЖМ мұндай жағдайлар көбіне балаларды қараусыз қалдыру салдарынан болатынын атап өтті. Ведомство ата-аналардан барынша мұқият болуды, балаларды үйде жалғыз қалдырмауды және терезелерге қорғаныш торларын орнатуды сұрады.