Жолаушы әйел оқиға орнында көз жұмса, жүргізуші ауруханада қайтыс болды
Солтүстік Қазақстан облысында 19 мамыр күні Петропавл – Жезқазған автожолында болған жол апатынан екі адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.
СҚО полиция департаментінің мәліметінше, Шал ақын ауданындағы Кеңес пен Жаңажол ауылдарының арасындағы тасжолда «Нива» мен ГАЗель NEXT көліктері соқтығысқан.
«Жол апаты салдарынан “Нива” көлігіндегі 40 жастағы жолаушы әйел мен 45 жастағы жүргізуші қайтыс болды. Тағы екі адам зардап шекті. Олардың бірі ауруханаға жатудан бас тартса, екіншісі аудандық ауруханада ем алып жатыр. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция департаменті мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларға жылдамдық режимін қатаң сақтауға, көлік жүргізу кезінде маневр жасау ережелерін бұзбауға және көліктің техникалық жағдайын үнемі бақылап отыруға кеңес берді.