Жамбыл облысында карантинде қызын ұзатқан мектеп директоры жауапқа тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Оған 83 мың теңге айыппұл салынды

Фото: баспасөз қызметінен

Жамбыл облысында карантин кезінде «қыз ұзату» тойын жасаған мектеп директоры жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мониторингтік топ әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Жамбыл облысы Шу ауданы Шу қаласындағы мейрамханалардың бірінде жаппай отбасылық салтанатты шараның өткізілуі туралы бейнежазбаны анықтаған. 

«Шу ауданының әкімдігі полиция бөлімі және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті бірлесіп жүргізген тексеріс барысында бұл факті биылғы 26 маусымда болғаны анықталды. Карантин режимін бұзып, той жасағаны үшін ауданның 42 жастағы тұрғыны әкімшілік жауапқа тартылып, оған 30 АЕК (83 340 теңге) айыппұл салынды», - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар той ұйымдастырушының Шу ауданы Төле би ауылындағы оқу орындарының бірінде директор болып қызмет ететіні және еңбек демалысында екені белгілі болды. Демалыс аяқталғаннан кейін тәртіптік комиссия оның атқарып отырған лауазымына сәйкестігі туралы мәселені қарайды.