«Әйелімнен ажырастырып, өз баламмен өзімді бопсалады»: Сұлтан Сәрсемәлиев қайын жұртын қасақана өлтіргенін мойындады (ВИДЕО)

Ол тіпті өлім жазасына да дайын екенін айтты

«Әйелімнен ажырастырып, өз баламмен өзімді бопсалады»: Сұлтан Сәрсемәлиев қайын жұртын қасақана өлтіргенін мойындады (ВИДЕО)
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында төрт адамды өлтірді деген күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты басталды. Басты күдікті – Сұлтан Сәрсемәлиев судья мен журналистерге қылмысқа не үшін барғанын және сол әрекеті үшін өлім жазасына да дайын екенін айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Жасаған қылмысыма да, оған беретін кез келен ауыр жазаға да дайынмын. Өлім жазасына да, өмір бойы түрме жазасына да дайынмын. Барлық қылмыстарымның басты себебі – өзіме және отбасыма жасалған әрекеттеріне қасақана қастандықпен жауап бердім», - деді ол.

Сұлтан Сәрсемәлиев әйелі Ақбаян Мұқанғалиевамен он жыл отбасы болғанын және екеуінің бес баласы бар екенін айтты.

«Әйеліммен он жыл тату тұрдық. Әу баста келіспеушілік болғанда ортамызда бес бала дүниеге келмес ед. Әйелімнің үй-іші отбасыма араласып, әйелмен ажырастырғысы келді. Сонда да бөлінгіміз келмей бірге тұра бердік. Ал, олар (өзі өлтірген төрт адам - ред) қайта-қайта қоқан-лоққы көрсетіп, отбасыма араласуын тоқтатқан жоқ. Әйелімді менен тартып алып, «саған да жоқ, әке-шешеңе де жоқ» деп өз балаларыммен өзімді бопсалағаны – осы қылмысқа итермеледі. Адам төзгісіз ар-намысыма тиетін ауыр сөздер айтты. Осы уақытқа дейін отбасымды сақтап қалуға әрекеттер жасадым. Балаларымды әкесінен де, анасынан да айырғым келген жоқ. Ең соңғы сәтте отбасымды сақтап қаламын деген жігерім таусылып, олардың іс-әрекеттері мен сөздері ақылымнан ажырастырып, жүйкемді жұқартып, адами болмысымды күйретіп жіберді. Сондықтан, осындай қылмысқа бардым», - дейді сотталушы.

Айта кетейік, оның ісін аса ауыр қылмыстарды қарайтын  судья Зарема Хамидуллина қарайды.