55 жастағы ер адам мас күйінде қаланың қақ ортасында көлік жүргізген
Астана қаласының полиция департаменті мас күйінде көлік жүргізген ер адамды изоляторға қамады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дереккөзге сүйенсек, патруль көшеде іс-қимылы күдік тудырған жүргізушіні байқап, оны тоқтатқан. Полицияның күдігі расталып, азаматтың мас екені анықталды.
«Сағат 11:30 шамасында Бейбітшілік көшесінде полиция қызметкерлері «Nissan Qashqai» маркалы, қызыл түсті автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің көлік құралын мас күйінде басқарғаны белгілі болды. Сонымен қатар, бұл азамат бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Соған қарамастан, ол қайтадан рөлге отырып, заң талаптарын өрескел бұзған», - деп хабарлайды полиция департаменті.
Полиция оның мас екенін құжатпен растап, изоляторға қамады. Оның қандай жаза алатынын сот шешеді.