Қазақстанда екі министрліктің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік  басшысы Алик Шпекбаев мәлімдеді

Фото: sputniknews.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев агенттіктің 2020 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында жемқорлыққа жол бермей, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға барынша ден қою керек екенін айтты. 

«Қазір әлем бойынша мемлекеттік басқаруды жедел цифрландыру тақырыбы өзекті болып тұр. Мәселен, Оңтүстік Корея мен Сингапур сияқты мемлекеттік электрондық сервисі озық елдер пандемияны тез арада тежей алатынын көрсетті», - деді агенттік төрағасы.

Агенттік басшысы министрліктердегі жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты 2 қылмыстық  іс тергеліп жатқанын айтты.

«Біз бюджет қаражатын жымқыруға жол бермей, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға барынша ден қоюымыз қажет. Осы тұрғыда қазір цифрлық даму мен білім және ғылым министрліктерінің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты цифрландыру бойынша 2 қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтқым келеді», - деді ол.

Еске сала кетейік, 20 шілде күні Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қызметінен босатылды. Ал, министрдің уақытша қызметін атқару Үкімет қаулысымен бірінші вице-министр болып тағайындалған Бағдат Мусинге жүктелді