Марқұмның туыстары күдіктілердің сол түні жігітті зираттан бастап қуғанын айтады
Талғар ауданында 24 жастағы жігіттің өліміне қатысты жаңа мәліметтер шықты. Марқұмның туыстары күдіктілер бұған дейін де ауыл тұрғындарына түнде тиісіп жүргенін айтады. Олардың сөзінше, сол түні олар Жанасыл Сәрсенбайды зираттан бастап қуған, кейін үйінің жанында інісінің көз алдында пышақтап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.
Қаза тапқан жігіттің анасы Алмагүл Нұрғизат ұлының суретін қолынан тастамай отыр. Әйел әлі күнге дейін болған жағдайға сене алмайтынын айтты. Оның сөзінше, жексенбі күні 24 жастағы Жанасыл әкесінің басына барып қайту үшін зиратқа кеткен, алайда үйіне тірі оралмаған.
«Ұлым жүгіріп келіп, “ағамды пышақтап кетті” деді. Мен киініп, далаға шықтым. Жанасылды көрдім. Ол тізерлеп отыр екен. Құшақтап алдым. Ауыр дем алып жатқанын естідім. Біз оны ауруханаға апардық. Бірақ ол жерде ешкім болмады, кейін Жетігендегі ауруханаға бардық. Дәрігерлер кеш болып кеткенін айтты», – деді Алмагүл Нұрғизат.
Шабуылдың куәгері болған – Жанасылдың інісі. Жас жігіт жүзін көрсетуден бас тартып, өз өмірі үшін қорқатынын айтты.
Оның айтуынша, ағайындылар әкесінің зиратының маңын реттеп болған соң үйге қайтып келе жатқан. Бір кезде жолдарын ішінде бірнеше жас отырған көлік бөгеген.
Марқұмның туыстарының айтуынша, көлік жолдың ортасында есіктері ашық тұрған. Жанасыл жол беруін сұрап белгі бергенімен, жүргізушілер назар аудармаған. Сол кезде ол оларды жоғары жылдамдықпен айналып өтпек болған. Болжам бойынша, жанжал осыдан кейін шыққан.
«Біз оларды жоғары жылдамдықпен айналып өттік. Бірақ олар соңымыздан қуып, сигнал беріп отырды. Біз мән бермедік. Тоқтамай үйге дейін келдік. Көлікті қойдық. Әлгі адамдар да тоқтап, сыртқа шықты. Қолдарында пышақ барын ойламадық. Біреуі үндеместен келіп, ағама екі рет пышақ сұқты. Содан кейін бәрі көлікке отырып, қашып кетті. Өз-өздерін дұрыс ұстап тұрған жоқ еді. Мас болған», – деді марқұмның інісі.
Жанасылдың өкпе тұсына пышақ жарақаты тиіп, кейін ауруханада көз жұмған. Артында бір жастағы екі қызы қалды.
Туыстарының айтуынша, күдіктілер 19 және 20 жаста. Ауыл тұрғындары олардан қорқып, жоламауға тырысқан.
Қазір үш күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр. Қылмыстық іс «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша тергеліп жатыр. Күдіктілер 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.