Күдікті қамауға алынып, ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылған
Орал қаласында 25 жастағы бұрынғы полиция қызметкеріне қатысты қызды зорлады деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, әлеуметтік желіде Абай полиция бөлімінің қызметкері қызметтік міндетін атқару кезінде қылмыс жасады деген ақпарат тараған.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға көршілердің шуға байланысты шағымынан кейін болған. Полиция қызметкері пәтерді тексеруге барған. Айтылған дерекке сәйкес, қылмыс сол жерде жасалған.
Қалалық прокуратураның баспасөз қызметі қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар ол ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды», – деп мәлімдеді қадағалау органы.
Полиция департаменті өз қатарындағы тәртіп пен заң бұзушылыққа жол берілмейтінін және мұндай әрекеттер қатаң тоқтатылатынын айтты.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Нұрғали Нұрман есімді ер адам бала күнінде «Балапан» телеарнасының продюсері бағдарламаларға түсіргені үшін зорлағанын айтып, елді елең еткізген болатын.