Марқұмның отбасына өтемақы төленетін болды
Қарағандыда сот облыстық жедел медициналық жәрдем станциясынан моральдық өтемақы өндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған жедел жәрдем бригадасы жағдайын дұрыс бағаламай, ауруханаға жатқызудан бас тартқан ер адамның қаза болуы себеп болған.
Науқас кеуде тұсының ауырып, ашып тұрғанына шағымданып, жедел жәрдем шақырған. Алайда медицина қызметкерлері жүрек-қан тамырлары ауруына қатысы жоқ алдын ала диагноз қойып, оны үйінде қалдырған. Көп ұзамай ер адам көз жұмды. Сот-медициналық сараптама өлім себебі жедел миокард инфаркті болғанын анықтады.
«Сот талқылауы барысында медицина қызметкерлері ЭКГ нәтижесін қате түсіндіргені, науқастың жағдайын жете бағаламағаны және көмек көрсету тактикасын дұрыс таңдамағаны анықталды.
Уәкілетті орган жүргізген тексеріс қорытындысы бойынша медициналық көмек көрсету стандарттарының бұзылғаны белгілі болды. Кінәлі тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.
Сот талапты ішінара қанағаттандыруға негіз бар деген қорытындыға келіп, марқұмның жесірінің пайдасына жауапкерден моральдық өтемақы өндіріп беру туралы шешім шығарды.