«ПАЗ» автобусына 129 баланы салып берген»: Ұлытауда мектеп директоры ақыл-есі кем туысын жүргізуші ретінде жұмысқа алған

Автор: Бақыт Шынар

Араға прокуратура түсіп, мектеп директоры қатаң тәртіптік жаза алған

Фотоколлаж: ЖИ арқылы жасалған, Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Ұлытау облысындағы Қаражал қаласының прокуратурасы мектеп оқушыларын тасымалдайтын автобус жүргізушісіне қатысты өрескел заң бұзу фактісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дерекккөзге сүйенсек, балаларды тасып жүрген жүргізушінің бірқатар сырқаты болған.

«Аталған азамат психоневрологиялық ауру бойынша диспансерлік есепте тұрады (жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі), бала кезінен мүгедек, сондай-ақ есту қабілеті бойынша екінші топтағы мүгедек. Бұған қоса, заңды күшіне енген сот шешімімен ол жүргізуші куәлігінен айырылып, көлік құралдарын басқару құқығы болмаған», - деп хабарлайды облыстың прокуратурасы.

Соған қарамастан, Қаражал қаласындағы бір мектептің директоры оны ресми түрде жүргізуші ретінде жұмысқа алған. Прокуратураның дерегіне сай, ол «ПАЗ-423470» маркалы мектеп автобусына мініп, 129 оқушыны тасымалдаған.

«Бұл адам мектеп директорының жақын туысы. Сондықтан, мүдделер қақтығысы бар. Мектеп директорына қатаң тәртіптік жаза берілді, ал жүргізуші жұмыстан шықты», - деп хабарлайды прокуратура.