Полиция жанармай ұрлап жатқандарды қылмыс үстінде қолға түсірген
Қазақстандағы мыс өндіретін ең ірі компания әрі әлемдегі ірі тау-кен компанияларының бірі «Қазақмыс» компаниясын өз қызметкерлері мен күзетшілері бірнеше жылдан бері тонап келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жуырда, 7 мамыр күні жанар-жағармай тонап жатқандарды қылмыс үстінде қолға түсірген полиция көлеңкелі схеманың бүкіл тізбегін жария етті.
«Былтырдан бері полиция Ұлытау облысында «Қазақмыс» корпорациясының аумағынан ұрлық жасаған бірнеше қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде олар шығынның 94,5 пайызын өтеп берген. Ұрлық жасаған жергілікті қылмыстық топтардың жетекшілері мен топ мүшелері сотталды. Олар қымбат метал мен қорытпаларын ұрлап, заңсыз байлыққа кенеліп отырған», - дейді Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Оның айтуынша, жуырда, 7 мамыр – Отан қорғаушы күні полиция бір емес, төрт жерден жанар жағармай ұрлап жатқандарды ұстап алған екен.
«7 мамыр күні Мемлекеттік күзет қызметі мен полиция компания аумағынан жанармай ұрлап жатқандарды қолға түсірді. Жедел іс-шаралар барысында ұрлықты ұйымдастырып, артынан жанар-жағармайды сатқан күдіктілер ұсталды. Бір тоннадан астам жанармай, ірі көлемдегі қаражат, көлік құралдары, оқ-дәрілері бар қару және заңсыз схемада пайдаланылған өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Тергеу барысында күзет құрылымдарының жекелеген қызметкерлері ұрыларға көмек көрсеткенін анықтадық», - деп хабарлайды Қуандық Алпыс.