Оның ісін аса ауыр қылмыстарды қарайтын Зарема Хамидуллина қарайтын болды
Атырау облысы Жангелді ауылында төрт адамды өлтірді деген күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты 18 мамыр, сағат 11.00-де басталатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті «Ақжайық» басылымының мәліметіне сүйенсек, оның ісін аса ауыр қылмыстарды қарайтын судья Зарема Хамидуллина қарайды. Айта кетейік, Зарема Хамидуллина осыған дейін де резонанс тудырған Яна Легкодимованың өліміне қатысты істі қараған еді.
«Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Жангелді ауылындағы төрт адамның өліміне қатысты іс келіп түсті. Бірінші сот отырысы 18 мамыр, сағат 11:00-де өтеді. Сот процессі ашық болады», - деп хабарлайды «Ақжайық».
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айында полицияға 66 жастағы ер адамның, 64 жастағы әйелдің, сондай-ақ олардың балалары - 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарлама түсті. Туыстарының айтуынша, отбасы қараша айынан бері байланысқа шықпаған. Төртеуі де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, жедел-тергеу тобы құрылған.