Дәрігерлер оның денсаулығын өте нашар деген еді
Биыл бесінші мамыр күні Өскемендегі «Қазцинк» зауытында алапат жарылыс болған еді. Жарылыс бола сала құтқарушылар екі адамның мәйітін тауып, тағы бірнеше адамды ауруханаға жеткізген. Бүгін сол жараланғандардың біреуі қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған медициналық орталығының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Мұрат Нұрбикенов бұл адамның денесінің 90 пайызын күйік шалғанын, тіпті жанарының ішіне дейін күйгенін айтқан еді.
Бүгін компанияның баспасөз қызметі қызметкердің қаза тапқанын хабарлады.
«Қазцинк» компаниясы бесінші мамыр күні болған жарылыс кезінде ауыр жараланған қызметкердің бүгін түнде қаза тапқанын қайғыра хабарлайды», - деп жазылған компанияның хабарламасында.
Қазір осы жарылысқа қатысты тергеу жүріп жатыр.