Ол сапбордпен серуендеу кезінде құтқару кеудешесін кимеген
Шығыс Қазақстан облысындағы Сібе көлдерінің бірінде 1 мамырдан бері жалғасқан іздеу жұмыстары аяқталды. Құтқарушылар суға батып кеткен 25 жастағы азаматтың денесін тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы жағдай Ұлан ауданындағы Шалқар көлінде болған. Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 8 мамыр күні сүңгуірлер марқұмның денесін су астынан алып шықты.
«Мәйіт жағадан шамамен 200 метр қашықтықта, 20 метр тереңдіктен табылды. 1 мамырдан бастап ТЖД күштері мен құралдарын тарта отырып, күн сайын іздеу жұмыстары жүргізілді. Сүңгуірлер барлығы 59 рет су астына түсті», — деп мәлімдеді мекеме өкілдері.
Алдын ала болжам бойынша, 25 жастағы жігіт сапбордпен серуендеу кезінде құтқару кеудешесін кимеген. Іздеу операциясына тек сүңгуірлер ғана емес, сонымен қатар су бетін барлайтын жүзу құралдары, жағалауды бақылайтын пилотсыз ұшу аппараттары және тереңдікті тексеретін эхолоттар да жұмылдырылды. Көлдің тым тереңдігі құтқару жұмыстарын едәуір қиындатқан.
Төтенше жағдайлар министрлігі жазғы маусымның басталуына байланысты су айдындарының жанында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті.