Зардап шеккендер жедел түрде ауруханаға жеткізілді
Шымкенттегі «Жаңаталап» тұрғын үй алабында түнде қайғылы жағдай болды. 70 жастағы қария екі көршісіне пышақпен шабуыл жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
6 мамырдан 7 мамырға қараған түні болған қанды оқиғадан соң зардап шеккендер жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы өте ауыр. Қазіргі уақытта екі тұрғын да мамандардың жіті бақылауында.
Жәбірленушілердің туыстарының болжамы бойынша, қарияның психикалық ауытқуы болуы мүмкін. Алайда, бұл ақпарат әлі ресми түрде расталған жоқ.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі күдіктінің бірден ұсталғанын хабарлады.
«70 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп атап өтті мекеме өкілдері.
Тергеу қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады. Тәртіп сақшылары оқиғаның неден туындағанын және егде жастағы адамның мұндай қадамға баруына не себеп болғанын анықтап жатыр.