Оқиғаны Қытай тарапы тергеп жатыр
Қытайдың Қорғас қаласындағы уақытша сақтау қоймасында өрт шықты. Ол жерде Қазақстанға жөнелтілуі тиіс тауарлар сақталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт 5 мамыр күні таңғы сағат бестер шамасында Қытай аумағындағы шекара маңында болған. Әңгіме жүктерді қайта тиеу және жөнелтуге дайындау үшін пайдаланылған жеке қойма туралы болып отыр.
Өрт қойма ішін жылдам шарпып, ғимарат толықтай жанып кеткен. Соның салдарынан Қазақстанға шығуға дайын тұрған тауар тиелген 17 қазақстандық жүк көлігі өртеніп кетті. Келтірілген шығын көлемі әлі нақтыланып жатыр.
ТЖД мәліметінше, оқиға орны Қытай аумағында болғандықтан, «101» және «112» пульттеріне хабарлама түспеген. Алдын ала ақпарат бойынша, өрт кезінде қойма ішінде адам болмаған, зардап шеккендер жоқ.
Жетісу облысы Панфилов ауданы әкімдігінде бұл оқиға бойынша тергеуді Қытай тарапы жүргізіп жатқанын түсіндірді. Себебі өрт Қытай аумағында болған.
«Оқиға ҚХР аумағында болғандықтан, барлық тергеу әрекеттері мен қабылданатын шешімдер Қытай Халық Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстан тарапы Қорғас қаласының әкімдігімен, құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ шекара және кеден қызметтерімен тұрақты байланыста», – деп мәлімдеді әкімдіктен.
Сондай-ақ әкімдік өкілдері өртенген көліктер мен жүк иелеріне өтемақы төлеу мәселесі ҚХР заңнамасы аясында, оның ішінде сақтандыру және өзге де құқықтық рәсімдер арқылы шешілетінін атап өтті.