Марқұм Нұрай Серікбайды алып қашқан кезде қасында болғандар тергелуі мүмкін

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы Санжар Әділов мәлім етті

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Биыл 11 қаңтар күні Шымкент қаласында 28 жастағы Шерхан Аймахан атты жігіт 21 жастағы Нұрай Серікбайды үйінің жанында аяусыз өлтіріп кеткен болатын. Бұл өлімнен кейін Шымкент полициясындағы бірнеше лауазымды адам қызметінен кеткен. Өйткені, өлімнен бірнеше ай бұрын, яғни, 2025 жылдың күзінде күдікті Нұрай Серікбайды алып қашқан. Полиция қыз өз еркімен келіп, өз еркімен кетті деген пайымды алға тарта отырып, күдіктіге қатысты шара қолданбаған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бүгін Мәжіліс кулуарында журналистер ішкі істер министрінің орынбасарынан осы алып қашу ісіне қатысты сұрақ қойды.

«Жәбірленуші тарап Нұрайды күдіктінің үйіне алып қашып кеткен кезде жанында болған адамдардың қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеру туралы өтініші бар. Бұдан басқа да бірнеше фактіні қазір тексеріп жатырмыз», - деді Әділов.

Естеріңізге сала кетейік, 21 жастағы Нұрай Серікбайды Шерхан Аймахан атты жас жігіт пышақтап өлтірген еді. Ең сорақысы, марқұм қыз қыр соңынан қалмаған жігітке қатысты құқық қорғау органдарына арыз жазған. Бірақ, жергілікті полиция мен прокуратура арызға мән бере қарамаған.