Ақмола облысында екі жасөспірім суға батып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға Жалтыркөл ауылынан 5 шақырым жерде болған

Фото: баспасөз қызметінен

Ақмола облысында екі жасөспірім қыз суға батып кетті. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар Есіл өзенінде шомылуға арналмаған жерде суға түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Туысқандар Есіл өзенінде суға шомылып жатқанда, қатты толқын екі қызды тарта жөнелген. Ер адам толқынмен ағып бара жатқан қыздарды құтқаруға тырысқан. Алайда, 2005 және 2008 жылы туған қыздарды судан алып шығу мүмкін болмады. Құтқаруға үлгермеген ер адам суға батқан қыздардың бірінің әкесі, екіншісінің нағашы ағасы», - дейді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Қайғылы оқиғаға байланысты облыстың бас құтқарушысы Алексей Советов ақмолалықтарға үндеу тастады.

«Осы ыстық күндері елімізде карантин болғанына қарамастан облыстың су қоймаларында қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Суға түсу маусымы басталғалы өңірде 14 адам суға кетті. Олардың төртеуі - балалар. Су қоймаларында суға түскен кезде қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Ешқашан мас күйде суға шомылуға болмайды және міндетті түрде балаларға аса абай болу керек. Тек арнайы жабдықталған су қоймаларында ғана суға шомылуға болады. Белгіленген межеден асып жүзуге тыйым салынған. Суда жүзе білмейтін адамдар 1,2 метрден аспайтын тереңдіктегі арнайы жабдықталған суға түсу орындарында ғана шомылғаны жөн», - деді Алексей Советов. 

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы