Алматы вокзалында халықтың жүгіне қайта-қайта «таласқан» екі ер адамды полиция қолға түсірді

Автор: Бақыт Шынар

Олар халықтан жүктерін аңдығаны үшін ақша сұраған

Фото: Көліктегі полиция департаменті

Көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері Алматы-1 теміржол вокзалының аумағынан 48 және 52 жастағы екі қала тұрғынын анықтап, оларға қатысты әкімшілік іс қозғаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Анықталғандай, олар вокзалдың күту залында жолаушыларға сақтау камерасының қызметін ұсынып,адамдардың мазасын алған. Ең бастысы, екі азамат та бұған дейін дәл осындай тәртіпсіздігі үшін жазаланған екен.

«Тексеру барысында аталған азаматтардың тиісті тіркеуі жоқ болып шыққан, кәсіппен айналысуға рұқсат алмаған.  Жасалған құқық бұзушылықтар үшін олар бірден екі бап бойынша, яғни қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу және заңсыз кәсіпкерлік үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», - деп хабарлайды көліктегі полиция департаменті.