Астанада көпқабатты үйден өрт шығып, 25 адам эвакуацияланды

Автор: Дәулет Ботагөз

Өрт төртінші қабаттағы пәтерлердің бірінде тұтанған

Фото: © istockphoto.com

Астана қаласының Ғ. Мүсірепов көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйлердің бірінен өрт шықты. Төтенше жағдай туралы хабарлама «112» пультіне түскен бойда құтқарушылар оқиға орнына аттанған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері келген кезде өрттің төртінші қабаттағы пәтерлердің бірінде тұтанғаны белгілі болды. ТЖМ мамандарының жедел әрекетінің арқасында жалын тез арада ауыздықталды. Құтқарушылар тілсіз жаудың басқа пәтерлерге таралуына жол берілмеді.

Құтқару бөлімшелері жеткенге дейін пәтер тұрғындары қауіпсіз жерге өз бетінше шығып үлгерген. Барлығы 25 адам эвакуацияланды, оның ішінде 7 бала бар. ТЖМ мәліметінше, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.