Түркістан облысында 9 айлық сәби ине жұтып, ауруханаға түсті

Автор: Темірхан Айжан

Дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалды 

Фото: iStockphoto

Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері өңешіне ине тұрып қалған сәбиді өлім аузынан алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

9 айлық бала абайсызда ине жұтып қойып, ауруханаға шұғыл түрде жеткізілген. Мамандар рентгенологиялық тексеру арқылы қауіпті затты өңеште тұрып қалғанын анықтады. Ауруханаға келген бойда хирург Мұхагали Темірбеков пен эндоскопист Бабыр Ырысқұлов жедел іске кірісті.

Дәрігерлер инені алу үшін ешқандай тілік жасамай, эндоскопиялық әдісті қолданды. Бұл әдістің көмегімен өткір зат қауіпсіз түрде шығарылды. Жедел көрсетілген көмектің арқасында аланың ішкі мүшелері зақымданбаған. Қазір сәбидің жағдайы жақсы. Дәрігерлердің бақылауынан өткен соң, бала үйіне шығарылды.

«Балалардың қолы жететін жерде ұсақ, өткір немесе химиялық заттарды (тиын, ине, батарея, түйме) қалдыру өте қауіпті. Тіпті бір секундтық назардан тыс қалу осындай қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін», - деп ескертеді дәрігерлер.