Қырғызстанның бұрынғы ҰҚК төрағасы Қамшыбек Ташиевке ауыр айып тағылды

Автор: Темірхан Айжан

Ол мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттену бабы бойынша тергелген 

Фото: gov.kg

Қырғызстанныңмең ықпалды тұлғалары - Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің экс-төрағасы Қамшыбек Ташиев, Жогорку Кенештің бұрынғы спикері Нұрланбек Шәкиев және экс-депутат Құрманқұл Зулушевке ресми түрде ауыр айыптар тағылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі жергілікті ақпарат құралына сілтеме жасап.

Адвокат Шердор Абдыкапаровтың мәлімдеуінше, саясаткерлерге екі бірдей ауыр бап бойынша іс қозғалған. Олар жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттену баптары.

Полиция күдіктілерден бірнеше сағат бойы жауап алған. Күш құрылымдарындағы дереккөздердің мәліметінше, тергеу ісі «75-тің хаты» деп аталатын құжатпен байланысты болған.

Осы жылдың басында 75 адамнан тұратын топ Президент Садыр Жапаровқа үндеу жолдап, елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді талап еткен болатын. Осыдан кейін Қамшыбек Ташиев ҰҚК басшысы және Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды. ҰҚК қайта жасақталды. Бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер қызметінен айырылған еді. Нұрланбек Тұрғынбек ұлы төрағалық өкілеттігін тоқтатып, депутаттық мандатын тапсырды, Құрманқұл Зулушев та депутаттық мандатынан бас тартты.

Садыр Жапаров бұған дейін берген сұхбатында Қамшыбек Ташиевтің хат авторларымен байланысы барын жоққа шығарған болатын. Алайда, Президент Ташиевтің ендігі жерде ешқандай мемлекеттік қызметке тағайындалмайтынын кесіп айтты.

Қазіргі уақытта хатқа қол қойған бірнеше адам у ақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал Конституциялық сот кезекті президент сайлауы тек 2027 жылдың қаңтарында өтетінін ресми түрде бекітті. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, бірақ күш құрылымдары істің егжей-тегжейін әзірге құпия ұстап отыр.