Қарағандыда жер үйден өрт шықты: құтқарушылар жарылыстың алдын алды
Өрт жапсарлас салынған шаруашылық құрылысын да шарпыған
Бұқар Жырау ауданындағы Үштөбе ауылында жер үй өртеніп, көршілес үйлерге қауіп төндірген. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары тілсіз жауды ауыздықтап, апаттың бетін қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт орнына жедел жеткен құтқарушылар үйдің шатыры, терезе-есіктері мен ішіндегі жиһаздардың жанып жатқанын анықтаған. Өрт тек баспананы ғана емес, жапсарлас салынған шаруашылық құрылысын да шарпыған.
Сондай-ақ қора ішінде әрқайсысы 27 литрлік екі газ баллоны болған. Өрт сөндірушілер жарылыс қаупіне қарамастан, баллондарды сыртқа шығарып үлгерді. Бұл жалынның көрші үйлерге таралуына жол бермеді.
Құтқарушылар тек өртті сөндіріп қана қоймай, қорадағы малды да қауіпсіз жерге көшірді. Тілсіз жау ортасынан 22 бас ірі қара мал эвакуацияланды.
Жалпы өрт аумағы 70 шаршы метрді құрады. ТЖМ қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында өрт толық сөндірілді. Оқиғадан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.