Белгілі спортшы ұрған елордалық жігіт әлі есін жиған жоқ

Автор: Azattyq Rýhy

Басына тиген соққыдан денесі жартылай жансызданған 28 жастағы жәбірленуші жансақтау бөлімінде жатыр

Әлемдік додаларда топ жарып келген боксшы Азат Камзин соққыға жыққан елордалық әлі ес жиған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» арнасына сілтеме жасап.

Жігіттің туыстары оны мүгедек болып қала ма деп қауіптенеді. Себебі, 28 жастағы жәбірленушінің денесі жансызданған. Бүтін бір отбасын асыраушысынан айырған спортшы енді өз беделін пайдаланып, жазадан құтылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді жәбірленушінің жақындары.

Рүстем мен Анжелика қыздарының 1 жасқа толған туған күнінің арты осындай қайғыға ұласарын білмеген. Рүстем қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Басына қатты зақым келгендіктен, 2 рет ота жасалыпты. Алайда, беті бері қарар емес. Денесінің бір бөлігі толығымен жансызданған.

«Дәрігерлердің күйеуімнің өмірімен арпаласып жатқанына ертең бір апта болады. Олардан әлі жақсы жаңалық ести қойған жоқпын. «Бәрі дұрыс болады, ол аман қалады» деп айта алмай отыр. Қызымның әкесі үйге қайтып орала ма, әлде мүгедек болып қала ма, белгісіз», – деп егіледі жәбірленушінің әйелі Анжелика СЫЗДЫҚОВА.

Оқиға 26 қазан күні түнде үлкен сауда дүкендерінің бірінің алдында болған. Екі бейтаныс жігіттің арасында жоқ жерден кикілжің туып, арты төбелеске ұласқан. Кәсіпқой спортшы елордалық тұрғынды жұдырықпен ұрып, есінен тандырған. Абырой болғанда, айыпталушы оқиға орнынан ізін суытпапты. Жедел жәрдем шақырып, көмек көрсеткен. Дегенмен, Рүстемнің туыстары бұл деректер оның жазасыз қалуына көмек болуы мүмкін деп отыр. 

«Әр адам өзінің істеген ісіне жауап беруі керек. Сен спортсшысың әрі чемпионсың, қолыңның қарулы екенін білесің, онда неге иығынан ғана ұрмайсың немесе жай ғана итере салмайсың? Енді міне, баламның «Апа, мен үйге келдім» деген сөзіне қанша күннен бері зар болып отырған жайым бар», – деп көзіне жас алады жәбірленушінің анасы Шолпан СҰЛТАНОВА.  

Рүстемнің туыстары айтып отырған Азат Камзин – Қазақстан чемпионатында, әлемдік додаларда топ жарған спортшы. Қазір де бокстан бапкер қызметін атқарып жүрген көрінеді. Бұрынғы әуесқой спортшымен байланысып, оқиғаның мән-жайын сұрағанымызда, ол жауабын қысқа қайырды.   

«Бұл туралы қазірше ештеңе айта алмаймын. Іс қаралып жатыр. Сот болады. Қазір осы оқиға бойынша жергілікті Полиция департаменті іс қозғаған», – деді спортшы Азат КАМЗИН.

«Сол күні ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамауға алынған болатын. Осы дерек бойынша қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, яғни Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр», – деп пікір білдірді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА.

Зардап шегушінің туыстары спортшы өзінің лайықты жазасын алады деп сенеді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, егер спортшының қасақана соққы жасағаны дәлелденсе, ол 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.