Алматыда 4 әйелдің бетін тұмшалап, қымызын жарнамалаған ер адам жазаланды (ВИДЕО)
Олар көпшіліктің назарын аудару үшін тәртіп бұзған
Әлеуметтік желіде қымызын жарнамалағысы келген компания әкімшілігі жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматыдағы сауда орталығында ниқап киген 4 әйелді ертіп алып, дүкен аралаған ер адам көзге түскен. Тексеріс барысында бұл әрекеттің коммерциялық мақсаттағы қойылым екені анықталды.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде полиция қызметкерлері қоғамдық орында бет-әлпетін толық жауып алған бірнеше әйел мен олардың қасында жүрген ер адамның бейнежазбасын анықтады. Мән-жайды анықтау барысында бұл роликтің жергілікті компаниялардың біріне тиесілі қымыз өнімін жарнамалау мақсатында түсірілгені белгілі болды.
Полиция департаменті түсірілімге қатысушылардың әрекетінен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін құқық бұзушылық белгілерін тапты. Қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киім элементтерін пайдаланғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ресми ескерту алды. Түсірілім тобымен және қатысушылармен алдағы уақытта заң бұзушылықтарға жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Құқық қорғау органдары кез келген коммерциялық немесе шығармашылық мақсаттағы түсірілімдер заң шеңберінен шықпауы тиіс екенін ескертті.
«Қоғамдық орындарда болу мақсатына қарамастан, заң талаптарын сақтау- баршаға ортақ міндет», - делінген ресми хабарламада.