ШҚО-да жоғалып кеткен бүлдіршін көл жағасынан табылды
Іздеу жұмыстарына аумақты әуеден шолу үшін дрондар мен қызметтік иті бар кинолог тартылды
Шығыс Қазақстан облысының бір ауданында үш жастағы қызды төрт сағаттан астам уақыт бойы іздеген. Бала үйден шығып кетіп, із-түзсіз жоғалып кеткен. Ата-анасы оның жоқ екенін байқаған соң алдымен өздері іздеген, ал 30 минуттан кейін полицияға хабарласқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ШҚО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Хабар түскеннен кейін іздеуге полицияның жеке құрамы жұмылдырылды. Аулалар, көшелер мен жақын маңдағы аумақтар тексеріліп, жергілікті тұрғындардан сұрау алынды. Баланың жүруі мүмкін бағыттары қаралды.
Іздеу барысында аумақты әуеден бақылау үшін дрондар қолданылып, қызметтік иті бар кинолог та тартылды.
Іздеу жұмыстары шамамен төрт жарым сағатқа созылды. ШҚО ПД қылмыстық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Медет Жансейітов бүлдіршінді үйінен төрт шақырым қашықтағы көл маңынан тапты.
Бала ата-анасына тапсырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Қыздың анасы полиция қызметкерлеріне жедел әрекет еткені үшін шынайы алғысын білдірді.