«Атуға жарамайтын тарихи қару»: Астанадағы элиталы үйге полицияның неге баса-көктеп кіргені белгілі болды

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы ақпарат бірінші желіде тараған еді

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Депутат Мұрат Әбенов Астанадағы қымбат үйлердің бірінде қару ұстаған екі шетел азаматының ұсталғанын жазған еді. Azattyq Rýhy редакциясына комментарий берген қалалық полиция департаменті мән-жайды түсіндірді. 

Полиция қаладағы «Highvill» тұрғын үй кешеніне оқ-дәріге байланысты шақырту түскенін растады.

«Тұрғын үй кешеніне қару салынған жәшікті алып кіргендер туралы ақпарат расталды. Бұл туралы ақпаратты сол үйде тұратын әйел хабарлаған. Оқиға орнына дереу полиция жетіп, тексеру бастады. Тексеру барысында анықталғанындай, жәшіктің ішінде тарихи және мәдени құндылығы бар антиквар қару жатқан. Сарапшылар оны атуға жарайтын қару деп таныған жоқ», - деп хабарлайды Астана қаласының полиция департаменті.

Полиция тұрғындардың өміріне қауіп төнбегенін, дегенмен, кез келген ақпарат тексерілетінін мәлімдеп отыр.