Қостанай облысының тұрғыны қазір балдақпен жүріп-тұрады
Allur компаниялар тобына кіретін «СарыарқаАвтоПром» ЖШС аумағында Қостанай облысының тұрғыны Әділ Көбегенов ауыр жарақат алды. Автозауыт жұмысшысын өндіріс алаңында жүк тиегіш техника басып кеткен. Оқыс жағдайдан соң жұмысшы мүгедек арбасына таңылды. Қазір сот арқылы әділдікке қол жеткізуге барын салып жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
32 жастағы Әділ Көбегенов қазір балдақпен жүріп-тұрады. Жұмыс орнында алған жарақаты қозғалысын айтарлықтай қиындатты. Ол ел қатарлы еңбекке араласудан қалғанына қынжылады. Тіпті туыстарының көмегіне мұқтаждықтан, қаладан шағын кентке көшуге мәжбүр болды.
«Кіші жіліншік сүйегі мен сирақтың сынуы, терінің жыртылып ажырауы және бұлшық еттің сүйектен бөлінуі ресми тіркелді. Тұрмыстық жағдайда өздігімнен көшеге шыға алмаймын. Үйдің ішінде ғана қозғала аламын. Балдақпен жүргендіктен, бір шыны су құйып ішудің өзі бір мұң», – дейді зардап шегуші Әділ Көбегенов.
Оқиға былтыр 12 тамызда Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС аумағында болған. Жүк тиегіш жүргізушісі артқа қарай жүргенде Әділдің аяғын басып кетеді. Ауыр техника дөңгелегінің астында қалған аяқ ашық сынық жарақатын алған.
«Түске қарай зауыттың 5-7 өкілі келді. Олар көңіл айтуға тырысқанымен, моральдық қысым көрсетуге де әрекеттенді», – дейді зардап шегушінің туысы Әсел Оразбаева.
Туыстарының айтуынша, операциядан кейін кәсіпорын қызметкерлері ауруханаға бас сұғып, әлі наркоздың әсері басылмаған науқаспен сөйлесуге тырысқан. Бірақ оқиға болған күндері кәсіпорын тарапы жарақат алған жұмысшыға көмек беруге асықпаған. Қостанайда қажетті медициналық құрал-жабдық болмаған соң, отбасы Әділді елордаға жеткізуді талап етеді.
«Шамамен 5 күн бойы зауыттағылар бірдеңе істеп жатқандай кейіп танытты. Олар үнемі біреулерге қоңырау шалып жатты. Осылай 5 күн жалғасты. Әлеуметтік желіде резонанс тудырғаннан кейін ғана бізге санитарлық авиация бөлінді. Ал оған дейін эконом-класс әуе билеттерін беріп, Әділ екеумізге өз бетімізше Астанаға ұшып баруымызды ұсынған», – дейді Әсел Оразбаева.
Жұмысшыны алда тағы бір операция күтіп тұр. Ал отбасы болса, сол күйі әділдік іздеп «шырылдап жүр». Адвокаттың айтуынша, бастапқы тергеу кезінде жазатайым оқиғаға қатысты кінәнің 70 пайызы жұмыс берушіге, 30 пайызы қызметкердің өзіне артылған. Бірақ зардап шегуші бұнымен келіспей, сот шешімін қайта даулап алды.
«Әрине, біз бұл актімен келіспедік. Сотқа жүгініп, оны дауладық. 2026 жылғы 29 қаңтардағы сот шешімімен жұмыс берушінің кінәсі 90 пайыз, ал қызметкердің кінәсі 10 пайыз деп белгіленді. Талаптарымыз ішінара қанағаттандырылды. Сот шешімімен келісеміз. Апеляциялық шағым түсіруді жоспарлап отырған жоқпыз», – дейді адвокат Ләззат Исмайылова.
Компания өндірістік жарақат алған қызметкеріне 3 млн теңге өтемақы ұсынған. Әрине, күрделі жарақат үшін – бұл сома мардымсыз. Қорғаушы Әділдің моральдық зардап шеккенін де ескеру керек деп есептейді.
«Біз бұл сот дауларының алдын алуға тырысамыз. Өз ұсыныстарымызды енгізіп, келіспеушілікті бейбіт жолмен реттеу үшін сотқа дейінгі ресми талап жолдаймыз. Егер зауыт біздің шарттарды қабылдамаса немесе бізге оңтайлы болатын ұсыныстар жасамаса, онда әрі қарай дауды сотқа дейінгі тәртіпте шешуді жалғастырамыз», – дейді Ләззат Исмайылова.
Қазір Азаматтық іспен қатар, қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Полиция жүк тиегіш жүргізушісіне қатысты іс қозғады. Қосымша сот-медициналық сараптама арқылы денсаулыққа келтірілген зиянның ауыртпалығы бағаланады. Одан соң, істің ары қарайғы дәрежесі анықталады.
Телеарна компания тарапына ресми сұрау жолдап, болған жағдайға қатысты пікір білдіруді сұраған. Алайда 1 ай уақыт өтсе де, ешкім жауап қатпады. Дәлірек айтқанда, Allur Бұқаралық ақпарат құралының сауалын елеусіз қалдырды.