«Әкімдік сылтау айтып, үш техниканы ғана шығарған»: нөсерден кейін Атырау көшелерін су басып, халық әбігерге түсті (ВИДЕО)

Қала бойынша 41 техника жаңбырдың суын сорып жатыр, деп сендірді әкімдік

«Әкімдік сылтау айтып, үш техниканы ғана шығарған»: нөсерден кейін Атырау көшелерін су басып, халық әбігерге түсті (ВИДЕО)
Фото: скрин

Атырауда бір түнде бір жарым айлық нормадан асатын жауын жауып, қала тіршілігін тұралатып тастады. Көшелерді су басып, көлік қозғалысы қиындады. Тұрғындар жергілікті биліктің дәрменсіздігіне наразы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

«Ешқандай жүйелі жұмыс көріп тұрған жоқпыз. Бір айлық норма жауды дегені сылтау ғана. Небәрі үш машинамен қаланы қалай тазартпақ? Орталықтың сиқы мынау болса, шеткері аудандардың жайын айтудың өзі артық», - дейді қала тұрғыны Әлібек Шудабаев.

Түнде көшелер өзенге айналып, көптеген жүргізушілер көліктерін қалдырып, суды кешіп жүруге мәжбүр болған. Әсіресе мектептер мен балабақшалардың маңына жету мүмкін болмай қалған.

Қалалық әкімдік өкілі Әкесен Ибрагимовтың айтуынша, қазір 41 техника қала бойынша су сорып жатыр. Тұрғындардан жаңбырден кейін 109 шағым түскен екен.